Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Врнячка-Баня (Сербия) ITF W35 турнирінің жартылай финалына шықты.

Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген Ж.Құламбаева – словениялық Жива Фалкнер доданы бірден ширек финалдан бастады.

Қазақстандық-словениялық жұп испаниялық Ана Гиралди Регуена – ирандық Мешкатолзахра Сафиды 7:5, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Ойын сағат жарымға жуық уақытқа созылды.

Ж.Құламбаева – Ж.Фалкнердің жартылай финалдағы қарсыластары кейін белгілі болады.

Жібек осы додада жекелей сында сәтті өнер көрсете алған жоқ. Ол алғашқы айналымда-ақ дүниежүзілік рейтингіде 412-орында тұрған франциялық Сара Цакаревичке жол берді – 4:6, 4:6.

Бір апта бұрын Куршумлия-Баняда Құламбаева дәл осы теннисшіні 6:1, 6:3 есебімен ұтып, ширек финалға шыққан еді.