Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас Youtube-тағы «Алга Казахстан» арнасына берген сұқбатында өзге елдің азаматтығын алу туралы не ойлайтынын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

«Әзербайжан елінен азаматтық ауыстыру туралы ұсыныс түсті. Бір рет ғана емес, әлі күнге дейін хабарласады. Олар мені Лос-Анжелесте өтетін Олимпиадаға апарғысы келетін сияқты.

Париж Олимпиадасы қарсаңында Бахрейн елі жақсы келісімшарт ұсынды. Бірақ мен: «Жоқ, келіспеймін, хабарласпаңыздар», - дедім. Олар қанша ақша төлейтіндерін және қандай жағдай жасайтындарын көруімді ұсынды. Мен сыйластық танытып, «жарайды жіберіңіздер» дедім. Кейін ол жақта мені ешкім білмейтінін, ал Қазақстанда көшеде-ақ адамдар танитынын ойладым.

Шын мәнінде, менің Қазақстанда дүниеге келгенім бекер емес деп ойлаймын. Сондықтан осы елге пайдамды тигізгім келеді», - деді Ангелина Лукас.

Айта кетейік, Ангелина Лукас соңғы рет биыл мамырда шаршы алаңға шықты. Ол Бангкоктегі (Тайланд) кәсіпқой бокс кешінде индонезиялық Хармо Йестимен жұдырықтасып, жеңген еді. Осылайша, Ангелина кәсіпқой рингте оныншы жеңісіне қол жеткізген болатын.