Грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының 5 дүркін чемпионы Михайн Лопес 42 жасқа толды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Sport Plus Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.

Күрес түрлері бойынша әлемдік рекорд орнатқан Куба балуаны 42-ге қараған шағында Олимпиадада бесінші рет топ жарып, спорттық мансабын аяқтаған болатын.

Даңқты спортшы осыдан екі апта бұрын Париж Олимпиадасында 4 белдесу өткізіп, барлығында айқын жеңіске жеткен еді. Ұзақ үзілістен кейін араға уақыт салып соңғы жарысына қатысқан балуан жеңімпаз атанған сәтте үлкен спорттан кететінін мәлімдеді. Лопес бозкілемге аяқ киімін шешіп, өз жанкүйелерімен қимай қоштасқан-тын.

Бостандық аралының өкілі 2004 жылдан бері Олимпиадаға тұрақты қатысып келді. Афиныда өткен ойындарда спортшы жүлдесіз қалғанымен, ол 2005 жылдан бастап классикалық күрестің айтулы балуанына айналды. Содан бері ол әлем чемпионаттары мен Олимпиадада топ жарып, қарсыластарын үнемі қапы қалдыруымен есімі дараналанды.

Париж Олимпадасынан кейін спортшыны Гавана әуежайында жергілікті жанкүйерлер ыстық ықыласпен күтіп алды. Михайн Лопес ұшақ алаңға қонған сәтте ұшқыштардың кабинасының терезесінен денесін сыртқа шығарып, Куба туын ұстап көтеріп тұрды.