Қазақстандық теннисшілер Бейбіт Жұқаев пен Тимофей Скатов АҚШ ашық чемпионатының іріктеу сайысын жеңіспен бастады, деп жазады федерацияның баспасөз қызметі.

Аталмыш жарысқа алғаш рет қатысып жатқан, дүниежүзілік рейтингіде 218-орында тұрған Бейбіт әлемнің 165-ракеткасы, швейцариялық, 28 жастағы тісқаққан ойыншы Марк-Андреа Хуслермен кездесті.

Бірінші партияда Жұқаев тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (7:5).

Екінші сетте 2:0 есебімен алға шыққан Ақтау теннис мектебінің түлегі сол басымдылығын сақтап қалды – 6:4.

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 190-сатыдағы Тимофей Скатов өзінен 11 жасқа үлкендігі бар, әлемнің 128-ракеткасы, аргентиналық Факундо Баньиспен сынға түсті.

Бірінші партияда тәжірибелі Баньис тай-брейкте таразы басын өзіне аударды – 7:6 (7:5).

Екіншісінде Скатов есе қайырды – 7:6 (7:4).

Үшінші, шешуші сетте Тимофей 5:1 есебімен алға кетті. Сосын матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:1.

Осылайша, іріктеу сайыстарының жартылай финалында Жұқаев пен Скатов өзара кездесіп, кім мықтыны анықтайды. Жеңгені іріктеу турнирінің финалына шығады.

Денис Евсеев US Open іріктеу турнирін айқын жеңіспен бастады. Аталмыш жарысқа алғаш рет қатысып жатқан қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін өзінен 10 жас кіші, әлемнің 222-ракеткасы, эквадорлық Альваро Гильен Месамен өткізді.

Бірінші партияда Евсеев өз спорттық жолында «Үлкен дулыға» додасына бірінші рет қосылған Месаға бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.

Денис екінші сетте 4:0 есебімен алға кеткенімен, өз геймін беріп қойды. Дегенмен тағы бір брейкке қол жеткізіп, бәсекені тәмамдады – 6:1.

Денис Евсеев іріктеу сайыстарының финалына шығу үшін әлемнің 130-ракеткасы, нидерландылық Йеспер Де Йонгпен кездеседі.