Әлеуметтік желіде қазақ боксшысы Жанқош Тұраров қыз зорлады деген күдікке ілінгені туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

2024 жылдың 21 тамызы күні таңертең әлеуметтік желілерде 19 тамыз күні сағат 23:00 шамасында Әуезов ауданына қарасты 5-шағын ауданда зорлау факті орын алды деген хабар келіп түсті. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері әйелдің Жанқош Тұраров зорлық-зомбылық көрсетті деген арызын қабылдады. Оны ұстау шаралары жүргізілуде.

Алматы полиция департаменті ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

«Алынған арыз бойынша Әуезов аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады, қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі.

33 жастағы Жанқош Тұраров кәсіпқой боксшы. 2023 жылдың 21 наурызынан бастап IBO тұжырымы бойынша жартылай орта салмақта әлем чемпионы.