Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Париж Олимпиада жүлдегерлерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Жиынға Париж Олимпиадасының қола жүлдегерлері - Ғұсман Қырғызбаев, Ислам Сатпаев, Александра Ле және Назым Қызайбай қатысты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Баспасөз конференциясы барысында олимпиадашылар Парижде әкелген медальдің сапасы туралы пікір білдірді.

- Медаль алмай тұрғанда, интернеттен бұл туралы көргенмін. Кейін қолға алғаннан кейін сапасы нашарлау екенін байқадым. Сырты кішкене кетіп жатыр. Негізі медаль әдемі. Бокстағы мансабымда алған жүлделерімнің ішіндегі әдемісі десем болады, - деді Назым Қызайбай.

Париж Олимпиадасының екінші күні дзюдодан қола жүлде жеңіп алған Ғұсман Қырғызбаев та алдыңғы айтылған пікірге қосылды.

- Парижде медальді өзіміз ғана ұстап жүрдік. Ұшақтың ішінде жақсы болып тұрған. Әуежайға қонғаннан кейін біраз адамдар ұстады, біраз жерге бардық. Содан кейін қарасам, медальдің түсі өзгеріп кетіпті. Иә, сапасы нашарлау, бірақ дизайны өте жақсы жасалған. Маған ұнады. Бізге қандай медаль болмасын ұнап тұр, - деді Ғұсман Қырғызбаев.