Қазақстандық теннисші Анна Данилина жекелей сында Монтеррей (Мексика) WTA 500 турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады.

Дүниежүзілік рейтингіде 951-орында тұрған А.Данилина алғашқы кездесуін әлемнің 634-ракеткасы, норвегиялық Ульрикке Эйкеримен өткізді.

Қазақстандық теннисші 6:3, 7:6 (7:3) есебімен жеңіске жетті.

Сағат жарымнан астам уақытқа созылған кездесуде Анна 13 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Эйкери 1 эйс, 1 брейктен (5 брейк-пойнт) аса алмады.

Анна Данилина іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 278-ракеткасы, Израиль өкілі Лина Глушкомен шеберлік таластырады. Оны ұтқан жағдайда негізгі жарысқа жолдама алады. Монтеррей додасы 19-24 тамыз аралығында өтеді деп жоспарланған.