Шайбалы хоккейден ҚР Президенті кубогында 3-орын үшін иегері анықталды. Қола жүлде үшін елордалық «Барыс» пен Ресейдің «Амур» командалары кездесті.

Ойын барысында ресейлік командадан Артур Гиздатуллин 10-минутта есеп ашса, «Барыс» сапынан Уэйд Эллисон 18-минутта таразы басын теңестірді.

Ресейлік клубтан Девин Броссо 38-минутында қайтадан «Амурды» алға шығарса, Әлихан Жүсіпбеков 44-минутта елордалық клуб сапындағы алғашқы шайбасын соқты.

Негізгі кезең 2:2 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда «Барыс» жеңіс шайбасын соғып кетті.

Осылайша қарсыласынан 3:2 есебімен басым түскен елордалық клуб турнирдің қола жүлдесіне ие болды.