Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов Cпорт-экспресс басылымына берген сұхбатында УЕФА Ұлттар лигасына дайындық туралы айтты.

6 қыркүйекте Қазақстан құрамасы Алматыда УЕФА Ұлттар лигасының топтық кезеңі аясында Норвегияға қарсы ойын өткізеді.

- Астанадағы стадионда жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, үйдегі үш матчымыз да Алматыда өтеді деп жоспарланып отыр. Футболшы кезімде бұл стадионда мен де ойнадым. Алаңның сапасы жақсы, көгалы да керемет.

Жанкүйерлер бізді қолдап, матчта аншлаг болады деп үміттенемін. Айтпақшы, Алматыда әйелдер де, жастар да футбол көруге баратынын байқадым. Қазақстанда футболға деген қызығушылық артып келе жатқанын түсіндім, сондықтан біздің міндетіміз – бұған ықпал ету, - деді Черчесов.

Қазақстан құрамасы Ұлттар Лигасында Норвегия, Словения және Аустриямен бір топқа түскен еді. Черчесов осы қарсыластар туралы не ойлайтынын айтты.

- Мен Словения мен Аустрия командаларын Еуро-2024 турнирінде өз көзіммен көрдім. Сонымен қатар, Қазақстан құрамасы өткен іріктеу циклінде Словениямен кездесті. Сондықтан Магомед бізге қызық әрі пайдалы ақпарат бере алады деп ойлаймын. Норвегиялықтарға келетін болсақ, мен оларды әзірге тек видеодан көрдім. Ұлттар лигасындағы тобымыз күрделі, бірақ қызық, - деді бас бапкер.