Америкалық файтер, UFC-дің жартылай орта салмақтағы жаңа чемпионы Белал Мухаммад титулын қорғау үшін бірінші кіммен жекпе-жекке шыққысы келетінін айтты, деп хабарлайды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Белал Мухаммад шілдеде англиялық файтер Леон Эдвардсты жеңіп, жартылай орта салмақта UFC белбеуін иеленген еді.

«Шавкат Рахмонов – мен үшін мінсіз қарсылас. Ол Стивен Томпсонды жеңді. Расында, бұған дейін қатарынан 4 жігіт Томпсонның сазайын берген сияқты. Егер мен қарсылас таңдар болсам, екі нұсқа бар: Шавкат пен Камару Усман.

Екеуі де бір залда жаттығады. Усманның үлкен мұрасы бар. Дана Уайт оны Жорж Сент-Пьерден де ұлы деп атады. Шавкат пен Усман бірге жаттығады. Сондықтан тиын лақтырып, менің келесі қарсыласым қайсың болатынын шешіңдер. Себебі титулға үміткер болатын нақты файтер жоқ. Эдвардс белбеуді жеңіп алған кезде, мен титулдық жекпе-жекке бірінші кезекте тұрғаным анық. Бірақ Шавкаттың рекорды мінсіз.

Десе де ол мен жүрген жолды жүріп өткен жоқ. Алайда сөзсіз, Рахмонов титулға лайық болды. Камару Усман дивизиондағы ең мықты есімге ие, ал Шавкат — айналасындағы аурасы ең қуатты жауынгер. Сондықтан екеуінің кез келгені мінсіз қарсылас болады», - деді Мұхаммед Youtube-тағы The Fighter and The Kid арнасына берген сұқбатында.

Айта кетейік, Шавкат Рахмонов MMA-да 18 жекпе-жек өткізіп, бәрін уақытынан бұрын жеңген. Ол соңғы жекпе-жегін 2023 жылы желтоқсанда Лас-Вегас (АҚШ) қаласында өткізіп, америкалық файтер Стивен Томпсонды екінші раундта ұтқан болатын.