Парижде өткен ХХХІІІ Жазғы Олимпиада ойындарынан оралған Қырғызстанның Олимпиада құрамасының мүшелерін марапаттау рәсімінде президент Садыр Жапаров қырғыз, қазақ және өзбек жанкүйерлерінің өзара ынтымағын атап өтті, деп жазады Кабар агенттігі.

Оның айтуынша, Олимпиада ойындарында үш ұлттың бірлігін бүкіл әлем мойындады.

- Қолдау туралы айта отырып, Париждегі олимпиадада тарихы, тамыры, тілі және рухы бір қырғыз, қазақ және өзбек жанкүйерлерінің өзара бірлігі бүкіл әлемге танылғанын айтпай кетуге болмайды, - деді Қырғызстан президенті.

Садыр Жапаров қырғыз, қазақ және өзбек халықтарының өзара достығы одан әрі нығая түсуіне тілектестігін білдірді.

- Біздің шетелдегі спортшыларымыз жылы сезімдермен алмасып, жеңістердің қуанышымен бөлісіп, құшақтасып, қолдауларын білдірген сәттер үш халық арасындағы ежелгі достықты, туыстық қатынастарды және тату көршілік қатынастарды одан әрі нығайтты деп сенемін. Қырғыз, қазақ және өзбек халықтарының өзара түсіністігі мен бірлігі одан әрі нығая берсін, - деді ол.