Қазақстан үстел теннисі федерациясының өкілдері қазақстандық спортшы Кирилл Герасименкоға Астанадан екі бөлмелі пәтер сыйлады.

Федерацияның мәліметінше, спортшы Париж Олимпиадасындағы жарқын және табысты өнері үшін құрметке бөленді. Кирилл Герасименко үстел теннисінен ерлер арасындағы жекелей сында тоғызыншы орын алған. Қазақстандық теннисшілер бұрын мұндай жоғары нәтиже көрсетпегені де атап өтілді.

Кирилл Париждегі ойынынан кейін әлемдік рейтингте 46-орыннан 37-орынға көтерілді. Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин Герасименконы жетістігімен құттықтап, бұл үстел теннисі үшін тарихи оқиға екенін атап өтті.

- Бүкіл турнир бойы Кирилл тайсалмайтын ерік-жігерін, сөзсіз шеберлігін, кәсібилігін және нағыз мінезін көрсетті. Ол қазақстандық үстел теннисі шеберлері әлемнің ең мықты спортшыларымен бәсекеге түсе алатынын танытты. Оның нәтижесі Қазақстан үстел теннисі тарихында жаңа парақты ашты.

Біз оның жетістіктерін мақтан тұтамыз және оның еңбегін бағалап, марапаттауды ұйғардық. Жақында жаңа олимпиадалық цикл басталады. Біздің жоспарымыз үш лицензия жеңіп алу. Ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сында, сондай-ақ ерлер арасындағы командалық жарыста лицензия иеленуді көздеп отырмыз, - деді Данияр Әбілғазин.