Хоккейден Қазақстан олимпиадалық құрамасын ҚР Президенті кубогына дайындайтын бапкерлер құрамы белгілі болды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Құрама 2026 жылғы қысқы Олимпиадаға іріктеу кезеңіне дайындық барысында 14-18 тамыз аралығында ҚР Президенті кубогіне қатысады. Бұл турнирде қазақстандық «Барыс», ресейлік «Лада» (Тольятти) және «Амур» (Хабаровск) командалары сынға түседі.

Турнирде бас бапкер қызметін Олег Болякин атқарады. Оған Георгий Верещагин, Талғат Жайлауов, Павел Бессонов көмекшілік жасайды.

Еске салсақ, финалдық олимпиадалық іріктеу ойындары Словакияның Братислава қаласында 29 тамыз-1 қыркүйек аралығында өтеді.

Финалдық іріктеу кезеңі аясында шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Австрия, Венгрия және Словакия құрамаларымен кездеседі.