Әлемнің 2-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін чемпионы, 37-дегі сербиялық Новак Джокович Олимпиада тарихында жекелей сында жартылай финалға өткен ең жасы үлкен теннисші атанды.

Спорт жолында «Үлкен дулыға» жарыстарында 24 рет үздік шығып, рекордтық нәтижеге қол жеткізгенімен, сербиялық теннисші осыған дейін 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында ғана қола жүлдегер атанған.

Новак Джоковичтің осы көрсеткішін жақсартуға толық мүмкіндігі бар.

Ол ширек финалда «Үлкен дулыға» турнирлерінің екі мәрте финалисі, әлемнің 11-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципасты тартысты матчта 6:3, 7:6 (7:3) есебімен тізе бүктірді.

Екінші партияда Новак 0:4 есебімен ұтылып жатып, аяғын ауырсынғанына қарамастан, таразы басын өзіне аудара білді.

Н.Джокович Париж Олимпиадасы барысында тағы бір аңыз ойыншы, «Үлкен дулыға» турнирін 22 рет ұтқан 38 жастағы испаниялық Рафаэль Надальды жолдан тайдырды – 6:1, 6:4.

Бірақ Р.Надаль 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында жекелей сында және 2016 жылы Риода жұптық сында чемпион атанған.

Сербиялық теннисші бүгін әлемнің 16-ракеткасы, 22 жастағы италиялық Лоренцо Музеттимен финал жолдамасын сарапқа салады.

Екінші жартылай финалда әлемнің 3-ракеткасы, Испанияның жас жұлдызы, 21-дегі Карлос Алькарас пен одан екі жас үлкендігі бар, рейтингіде 19-орындағы канадалық Феликс Оже-Альяссим кездеседі.

Әйелдер арасында әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек бүгін рейтингіде 67-орында тұрған словакиялық Анна-Каролина Шмидловамен қола жүлде үшін кортқа шығады.

Жартылай финалда Шмидлованы 6:4, 6:0 есебімен қапы қалдырған әлемнің 21-ракеткасы, хорватиялық Донна Векич өз елінің тарихында Олимпиада финалына шыққан алғашқы теннисші атанды.