Бокстан Италия құрамасының техникалық директоры Эмануэле Ренцини Париждегі Олимпиада ойындарын төрелік ету жағынан ең нашар турнир деп атады, деп хабарлайды Prosports.kz.

Сейсенбі күні 2023 жылғы әлем чемпионы италиялық Ирма Теста (57 келі) жарыстың бірінші кезеңінде қытайлық Сюй Цзы Чуньнен жеңіліп қалды.

«Бұл төрешілік тұрғысынан ең нашар Олимпиада ойындары, түрлі қателіктер Италияға кері әсер етіп жатыр. Бірнеше күнде үздік спортшыларымыз екі ықтимал медальдан айырылып қалды. Үш раундтағы бағалау критерийі мұндай маңызды турнирге сәйкес келмейді», - деп келтіреді Ренцинидің сөзін la Gazzetta dello Sport.

Айта кетейік, Олимпиададағы бокс турнирін Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) атқарушы комитеті жанынан құрылған арнайы бөлімше ұйымдастырады. 2023 жылғы маусымда ХОК сессиясы көпшілік дауыспен Халықаралық бокс қауымдастығын Олимпиада қозғалысынан шығарған.