Қытайлық теннисші, әлемнің 7-ракеткасы Чжэн Циньвэнь сенсация жасап, Олимпиада ойындарының финалына өтті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қытайлық спортшы жартылай финалда әлемнің бірінші ракеткасы, алтын жүлдеден басты үміткер саналған Польша өкілі Ига Швентекпен ойнады.

Бір сағат 50 минутқа созылған тартысты матчта Циньвэнь 6:2, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Ол 3 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Швентек 5 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Қытайлық теннисші финалда әлемнің 21-ракеткасы, хорватиялық Донна Векич немесе рейтингіде 67-орындағы словакиялық Анна-Каролина Шмидлованың біреуімен алтын жүлдені сарапқа салады.

Ч.Циньвэнь өткен жылы өз елінде өткен Азия ойындарының чемпионы атанған болатын. Ізінше Бейжің жарысында қазақстандық Елена Рыбакинадан 1:6, 2:6 есебімен жеңіліп қалған еді.

Токио Олимпиадасында төртінші орыннан көрінген Е.Рыбакина биыл Париж додасына денсаулығына байланысты қатысудан бас тартты.