Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) промоутері Боб Арумды өзі үшін үлкен жекпе-жек ұйымдастыруға шақырды.

Әлімханұлы Twitter парақшасында Боб Арум мен Сауд Арабиясының ойын-сауық істері жөніндегі бас басқармасының төрағасы Турки Аль-аш-Шейхтің бірлескен суретіне қатысты пікір білдірді.

«Мен көп күте алмаймын! Сіз бәрін шешеді деп үміттенемін. Канело ма? Чарло ма? Benavides па?» - деп жазды Жәнібек.

Бұған дейін WBO және IBF тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокстағы басты мақсаты – төрт тұжырым бойынша чемпион атанып, тарихта қалғысы келетінін айтқан еді.

«Мен төрт титулға ие болу және абсолютті чемпион атану үшін бәрін жасауға дайынмын. Біз дүние жүзіне танымал болу үшін аянбай еңбектенудеміз және сол үшін қолымыздан келгеннің бәрін істейміз. Бұл дәрежеге жету жолында мен мықтылармен, танымал боксшылармен жекпе-жек өткізуім керек. Алдағы уақытта Канело Альварес, Давид Бенавидес сынды жұлдыздармен жұдырықтасуды жоспарлап отырмыз», - деді Әлімханұлы Boxingscene.com сайтына берген сұхбатында.