«Тобыл» жартылай қорғаушысы Ислам Чесноков УЕФА Конференциялар Лигасындағы «Санкт-Галленге» қарсы жауапты ойын алдында баспасөз-мәслихатында журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

— Ертеңгі ойынға дайынбыз және оң нәтиже көрсету үшін бар күшімізді саламыз.

— Ислам, БАҚ-та сенің клубтан жақында кететінің туралы жазылып жатыр. Егер «Тобыл» Конференциялар лигасынан шығып қалса, Қостанайдан кетуің мүмкін бе?

— Қазіргі уақытта мен «Тобыл» ойыншысымын, сондықтан алып-қашпа сөздерге түсініктеме берудің қажеті жоқ деп санаймын. Бар эмоциям, күшім және концентрациям ертеңгі күнге бағытталған.

— Команда ішінде көңіл-күй қандай?

— Қайталаймын, барлық жігіттер жақсы нәтиже көрсету үшін барынша тырысады.

— Клуб басшылығы командаға «Санкт-Галлен» матчында алға шығу үшін қандай да бір сыйақы уәде етті ме?

— Бірінші кезекте біз ақша үшін емес, жақсы футбол көрсетіп, жеңіске жету үшін ойнаймыз. Біз үшін осындай командаға қарсы өзімізді сынау мүмкіндігі деп ойлаймын.

— Ертең 0-3 есебімен артта қалып, камбэк жасай алатыныңызға қаншалықты сенесіз?

— Тағы да қайталаймын, бұл футбол, алаңда бәрі мүмкін. Ертеңгі ойын бәрін көрсетеді.