Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиадада қазақстандық боксшылардың ширек финалдағы қарсыластары анықталды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жарыстың аталған сатысындағы жекпе-жектер 1 және 2 тамыз күндеріне белгіленген. Онда Сәкен Бибосынов (51 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63.5 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) және Айбек Оралбай (92 келі) ел намысын қорғайды.

1 тамызда Мұхаммедсабыр Базарбайұлы 1/4 финалда грузиялық Лаша Гурулимен қолғап түйістіреді.

Лаша Гурули - тәжірибелі боксшы, қазірге дейін 2021, 2023 жылдарда әлем чемпионатында 67 келіде қола жүлдегер атанған. Сондай-ақ 2022, 2024 жылда Еуропа чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді.

Дәл сол күні Айбек Оралбай Әзербайжан құрамасы атынан сынға түсетін шыққан тегі кубалық Лорен Берто Альфонсо Домингеспен шаршы алаңға шығады. Ол 2020 жылы Токио Олимпиадасында қола алса, әлем чемпионатында 2021 жылы чемпион, 2023 жылы күміс жүлдегер атанды.

Ал 2 тамызда Сәкен Бибосынов өзбекстандық Хасанбой Дусматовпен кездеседі. Өзбек боксшысы 2016 жылы Олимпиадада жеңіс тұғырына көтерілсе, әлем чемпионатында 2022 жылы алтын, 2018 жылы күміс медаль алды.

Бұл күні 80 келі Нұрбек Оралбай әзербайжандық Мурад Аллахвердиевпен шеберлік байқасады. Аталған қарсылас әзірге жоғары жетістігімен елді қуанта қойған жоқ. Тек 2023 жылы Еуропа ойындарында қола медаль алған.