Екі қазақстандық ММА файтер ресми түрде UFC-ден шығарылды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Сергей Морозов пен Мария Агапова енді әлемдік лигада өнер көрсетпейді.

35 жастағы Сергей Морозов (19-5) кейінгі жекпе-жегін 2022 жылы желтоқсанда өткізген. UFC-де ол екі жекпе-жекте жеңіліп, үшеуінде жеңіске жеткен болатын. Морозов екі жекпе-жек жеңіс сериясымен келе жатқан, бірақ жеке себептерге байланысты спорттан кетуге шешім қабылдады.

27 жастағы Мария Агапова (10-5) 2020 жылдың маусым айында UFC-де дебютін өткізді. Қазақстандық спортшының промоушендегі рекорды 2 жеңіс пен 4 жеңілістен тұрады. Ол кейінгі үш жекпе-жегінде жеңіліп қалған еді.

Қазір UFC-де 4 қазақстандық спортшы өнер көрсетеді: Шавкат Рахмонов, Асу Алмабаев, Азат Мақсұм және Бекзат Алмахан. Жақында АҚШ-та тұратын қазақстандық Николай Веретенников лигамен келісімшарт жасасқаны белгілі болды. Оның дебюті 10 тамызға жоспарланған.