Гендерлік сынақтан өте алмаған алжирлік Иман Хелиф (66 келіге дейін) мен тайваньдық Лин Ютинг (57 келіге дейін) Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында әйелдер арасындағы бокс жарысына қатысуға рұқсат алды, деп хабарлайды Prosports.kz.

The Guardian басылымының хабарлауынша, 2023 жылы Үндістанда өткен әлем чемпионатында екі қыз да жынысты анықтау сынағынан өте алмаған (генетикалық сынақтардың нәтижелері бойынша оларда XY хромосомалары бар екені дәлелденген) және дисквалификацияға ұшыраған, соның салдарынан Лин 57 келі салмақта қола жүлдесінен айырылды.

«Бұл жағдайда олардың әйелдер екені анықталды. Олимпиада ойындарының барлық қатысушылары іріктеу ережелерін сақтайды және құрметтейді», - деді ХОК-тың коммуникациялар жөніндегі директоры Марк Адамс.

Айта кетейік, Хелиф 66 келіде итальяндық Анджела Каринимен кездеседі, ал Линнің қарсыласы әзірге белгісіз.

28 жастағы Лин екі дүркін әлем чемпионы (2018, 2022), 25 жастағы Хелиф 2022 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

Естеріңізге сала кетейік, бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Карина Ибрагимова Париждегі Олимпиадада 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді.