Жартылай орта салмақтағы UFC-нің бұрынғы уақытша чемпионы америкалық Колби Ковингтон 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін UFC-дің жеңіліс көрмеген қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновқа қарсы дөрекі сөз сөйледі, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Белалдың шаруасын тыңдырамын. Келесі жылдың соңына дейін Шавкат деген тышқан екеуміз белбеу үшін төбелесеміз. Мен октогонға қайта оралып, UFC және жанкүйерлерім үшін барымды саламын. Енді мен белбеу үшін күресудің барлық мүмкіндіктерін талқылау үшін матчмейкерлермен сөйлесуім керек. Чемпиондық менің тағдырыма жазылған дейді ел. Оны мен де білемін.

Шавкатта ерекше ештеңе жоқ деп ойлаймын. Оның стилі иегін жоғары көтеріп жүріп төбелесу. Соңғы жекпе-жегінде Стивен Томпсонды жеңді. Бірақ бұл титул үшін күресуге жақсы себеп деп ойламаймын. Шавкат жұрттың көбіне есімдері беймәлім спортшыларды ұтты. Әзірге бірде-бір мықты қарсыласымен бетпе-бет келген жоқ. Сұрақ көп, бірақ, менде әлемдегі кез келген адамды жеңе алатын қабілет бар екендігіне шүбә жоқ», - деп келтіреді Bloody Elbow порталы Ковингтонның сөзін.