Футболдан Украина құрамасының бұрынғы қақпашысы Максим Коваль «Елімай» сапына қосылды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Максим Коваль футболдағы алғашқы қадамын Украинаның «Металлург» (Запорожье) командасында бастаған. Одан бөлек сол елдің «Динамо» (Киев), «Говерла» (Ужгород), Данияның «Оденсе», «Депортиво» (Испания), «Әл-Фатех» (Сауд Арабиясы) және «Шериф» (Молдова) клубтарында ойын көрсеткен.

2012-13 жылғы Украина біріншілігінің үздік қақпашысы атанды. Украина кубогінің иегері, Молдова біріншілігі мен кубогінің жеңімпазы болды. Украина ұлттық құрамасы сапында 31-жасар футболшы 2012 жылғы Еуропа чемпионатына қатысты.

Қазірге дейін грекиялық «Арис» командасында ойнап, семейлік командаға еркін агент ретінде ауысты. Тәжірибелі футболшы еурокубок ойындарында 49 матчқа қатысқан.