Араға 16 жыл салып, «Жеңіс» клубы отандық футболдың жоғарғы дивизионына оралды. Еліміздің үш дүркін чемпионы OLIMPBET QFL Премьер-лигасында өнер көрсетіп, басқа да турнирлерде жарысты жалғастыруда. Осы орайда клубтың бас директоры Айдын Қожахмет кезекті турдың алдында QFL.KZ сайтына команданың қазіргі жағдайын айтып берді.

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 14 турының қорытындысы бойынша, «Жеңіс» тек «Тұран» мен «Шахтерді» ғана жеңе алды. Елордалық ұжымның төменгі көрсеткішіне не себеп? Өзге қалада ойнау нәтижеге әсер етуде ме? Әлде футболшыларыңыз жоғарғы дивизионның талабы мен қарқынына енді ғана үйреніп жатыр ма? Екінші айналымда маңызды ұпайларға қол жеткізіп, өз орындарыңызды сақтап қалуға шамаларыңыз жете ме?

- Себеп көп. Оның барлығын тізбектеп отыру қызық емес деп ойлаймын. Тек бір нәрсені ғана айтқым келеді: біз – дебютантпыз. Команданың құрамы 80 пайызға өзгерді. Себебі, өткен маусымда Бірінші лигада доп тепкен едік. Футболшылар өзара түсіну үшін уақыт қажет болды. Сонымен қатар маусым айында бас бапкеріміз де ауысты. Клубты жаңа жаттықтырушының идеясына қарай бейімдеу де қажет еді. Бұның барлығы уақыт алады. Өзге қалада ойнаймыз деген факторды айтқымыз келмейді. Өйткені Астана қаласындағы стадионды біз доп теппеу үшін арнайы жапқан жоқ қой. Жөндеу жұмысы қажет деп шешілді. Осы маусымда Қарағандыны өз үйіміз деп қабылдауымыз қажет. Жанкүйерлеріміз бізді қолдаусыз қалдырмайды. Олардың саны трибунада аз болғанымен, біз оның әрқайсысын бағалаймыз. Көптеген матчтарда біздің жолымыз болмады. Бұл фактор да рөл ойнайды. Бірақ оны объективті деп айта аламын ба? Иә, спортта сәттілік қажет. Оны сұрай да, сатып та ала алмайсың. Ол болуы мүмкін. Болмауы да мүмкін. Жалпы біз аса қобалжып жатқан жоқпыз. Турнирде қалатынымызға сенімдіміз. Кейінгі 1-1,5 айда ойын қарқынын арттырдық. Сондықтан екінші айналымда «Жеңіс» клубы отандық футбол жанкүйерлерін таңғалдырып, жарқын және үлкен жеңістерімен қуантатынына сенімдімін.

- «Жеңіс» өзінің 60 жылдығына орай жоғары дивизионға оралды. Алайда бұған дейінгі сұхбаттарыңыздың бірінде клуб тек келесі маусымда ғана чемпиондыққа таласады дедіңіз. Жалпы команданың ұзақ мерзімдік жоспары бар ма? Қазақстанның үш дүркін чемпиондары үшін қайта осы атақты жеңіп алуға шамалары жете ме?

- Ұлылық тек титулдармен өлшенбейді. Біз бірінші ұлылық – жасыл алаңдағы үлкен жеңіс пе әлде одан тысқары жердегі жетістік пе? Осыны өз арамызда анықтап алуымыз керек. Әрине, екеуінің де басын біріктіруге болады. Бірақ қазіргі күнімізге қарасақ, өз күшіміз бен мүмкіндігімізді шамамызға қарап бағамдағанымыз жөн. Сондықтан басқа бағытта дамуға тырысамыз. Ертең медаль мен кубокқа ұмтылған сәтте клубымыз тұрақты және өз аяғында нық тұрғаны керек. Қаржылық тұрақтылық, жанкүйерлердің белсенділігі, демеушілермен жұмыс, медианы дамыту – бұның барлығы турнир кестесіндегі орын мен ұпайдан маңыздылығы кем емес.

- «Жеңіс» осы маусымда OLIMPBET QFL Премьер-лигасында ең көп голды жіберді. Қорғаныс позициясын күшейтуді қалайсыздар ма? Клуб жаңа ойыншыларды қатарға қоса ма?

- Қорғанысты тек ойыншылармен ғана емес, нақты ойын жүйесімен де күшейтуге болады. Біздің қорғаушылар өзгелерден қалыс қалады деп айта алмаймын. Сондықтан қорғаныс шебіне тек отандық ойыншы Берік Айтбаевты ғана шақырдық. Меніңше, ол бізге тұрақтылық пен сенімділікті арттырды деп ойлаймын. Сондай-ақ, қорғаныс пен ортаңғы шепті күшейттік. Енді аз гол жіберіп, бастысы – көп гол соғамыз деген үміттемін.

- Мамыр айының ортасында бас бапкерді ауыстырдыңыздар. Алайда Акис Вавалистің тізгіндеуімен команда әлі OLIMPBET QFL Премьер-лигасында жеңіске жетпеді. Бұған турнирдегі бәсекелестіктің артуы әсер етті ме?

- Бәсекелестік шынымен де жоғары. Вавалистің келуімен біз әлі чемпионатта көп ойнамадық. Өйткені бір турды жібердік және күнтізбе де оңай болмады. Жақында ғана Алматыға барып, «Қайратқа» қарсы қиын ойын өткіздік. Енді «Елімайға» қонаққа барып, өз жерімізде «Ақтөбе» мен «Астананы» қабылдаймыз. Бірақ Алматыда өте қиын қарсыластан ұпай алып кеттік. Алда мықты ұжымдармен де жақсы ойнап, турнир кестесінде жоғарлаймыз деген сенімдеміз.

- OLIMPBET QFL Премьер-лигасындағы сәтсіздікке қарамастан, «Жеңіс» 1ХВЕТ QFL Лига кубогын жарысты жалғастырып келеді. Команда «Тобыл» мен «Қайсарды» жеңіп, жаңа турнирдің жартылай финалына шықты. «Жеңіс» бұл кубокты алу жайлы мақсатты көздей ме? Жалпы жаңа турнир отандық футболдың дамуына қаншалықты әсерін тигізді?

- Көп клубтар жас футболшыларына сенім артқандықтан, оң деп бағалаймын. Біз әрине, кубокты жеңіп алуды қалаймыз. Біріншіден, бұл имиджге жақсы әсер етеді. Екіншіден, 1ХВЕТ QFL Лига кубогының сыйақысы жақсы. Жеңімпаз атансақ, қомақты қаржымен келесі маусымға деген дайындығымызды сапалы өткізіп, клубтың жан-жақты дамуына үлес қосар едік.

- Сіз көптеген жылдар бойы отандық футболды айтып, жазып келдіңіз. Енді үлкен тарихы бар клубты басқарып отырсыз. Осы маусымдағы отандық футболдағы өзгерістерді қалай бағалар едіңіз?

- Маусымның ортасында өзгеріс жайлы айту әлі ертерек. Себебі, клубтарымыз әлі еурокубокта бақ сынауда. Чемпионатта бәсекелестік артты. «Шахтер» клубы «Астананы» жеңді, «Елімай» өте сәтті келеді, отандық жас мамандар жақсы қызмет атқарып жатыр. Матчтардың тікелей көрсетілімі көбейді. Динамика бар. Бірақ әлі де күшейту керек. Бізді әлі көп жұмыс күтіп тұр деп ойлаймын. Әр жылы жас отандық ойыншылар мен бапкерлер өздерін көрсете алатындай етіп, футболды дамытуға бет бұруға тиіспіз. Жанкүйерлер тек қана матчты көріп қана қоймай, стадионда жайлы сезінуі қажет.