2024 жылғы Олимпиада қарсаңында Қазақстан ҰОК Париж төрінде Орталық Азия елдеріндегі ҰОК өкілдерінің кездесуін өткізді. Бұл Геннадий Головкиннің «олимпиадалық» кестесіндегі алғашқы ресми кездесуі екенін атап өту керек.

Іс-шараға танымал тұлғалар қатысты. ХОК Сессиясына байланысты тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, аталған жиынға Азия Олимпиада одағының қазіргі президенті әрі ХОК мүшесі Раджа Рандхир Сингх, ҰОК-термен қарым-қатынас, Олимпиадалық ынтымақтастық және Олимпизм 365 жөніндегі ХОК директоры Джеймс Маклод, ХОК директорының орынбасары Оливье Ниамки мен Азиядағы ынтымақтастық жайлы ХОК олимпиадалық бағдарламасының үйлестіруші Эдвард Кенсингтон қатысты.

Фото: ҚР ҰОК

«Шақырғандарыңызға көп рақмет. Сіздің аймақтың біріккені үшін өте қуаныштымын. Сіздермен дәл осы жерде, Париж төрінде кездесу мен үшін мәртебе. Біз ортақ мүдделер үшін жұмыс істейтін бір отбасымыз. Сондықтан сіздердің бастамашыл ұсыныстарыңыз бәрімізді мақсатқа жету жолында біріктіреді. 1995 жылы Өзбекстанда алғаш рет Орталық Азия ойындары өткені есімде. Ұйымдастыру ісіне ХОК атсалысты және сол кезде бұл үлкен жетістік еді. Сіздердің аталған жарысты қайта жаңғырту жөнінде бастама көтергендеріңіз мені қатты қуантады. Аймақтық ойындарды өткізудің маңызы зор. Бұл бүкіл өңірді дамыту жолындағы өте маңызды қадам. Орталық Азиядағы спортты дамытуға бағытталған барлық бастамаларыңызды ХОК қолдайтынына сенімдімін», - деді Сингх.

Кездесуге Азия Олимпиада кеңесінің бас директоры әрі Халықаралық су спорты түрлері федерациясының басшысы Хусаин Әл Мусаллам мен оның орынбасары Винж Тивари қатысты. Сондай-ақ, қонақтар қатарында ХОК мүшесі әрі Бутан ҰОК президенті ЕКВ Принц Дашо Джигъел Угъен Вангчук те бар.

Фото: ҚР ҰОК

«Ұзақ жылдар бойы біз ортақ мақсатымыз үшін тер төгіп, еңбек етуден жалықпадық. Енді міне, ең маңызды сәтке – Олимпиада ойындарының басталар күніне де жеттік. ХОК атынан баршаңызға қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын. Бұл ойын сіздердің құрамаларыңыз үшін сәтті өтеді деп үміттенемін. Әрине, біз қиын кезеңдерді бастан кештік, енді Азияның бірігетін уақыты жетті. Париж Олимпиадасы осы бастамаға жол ашады деп ойлаймын. Париж төрінде бәрінің басын қосу – керемет бастама. Кездесу нәтижесінде Орталық Азия ойындарын өткізу сынды бастамалар көтеріле ме, ол өз еріктеріңіз. ХОК сіздерді және сіздің спортшыларды үнемі қолдайтынын естен шығармау керек. Айтпақшы, Олимпиадалық ынтымақтастық аясында қаржыландыру деңгейін арттыра алғанымыз қуантады. Өздеріңіз білетіндей, бұл қаражаттың бір бөлігін осындай бастамаларды қолдауға қолдануға болады», - деді Париж ойындарында ҰОК басшыларына сәттілік тілеген ХОК директоры Джеймс Маклод.

Отырысқа Орталық Азиядағы АОК қатарына енетін Қазақстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Иран, Тәжікстан, Түркменстан және Өзбекстанның ҰОК президенттері мен бас хатшылары қатысты.

Жиын барысында аймақта бірлесіп жұмыс істеуге қатысты сұрақтар талқыланды. Кездесудегі басты тақырыптардың бірі 2005 жылдан бері өткізілмеген Орталық Азия ойындарын қайта жаңғырту мәселесі болатын. Қазақстан ойын бағдарламасын 10-12 олимпиадалық спорт түрлеріне дейін қысқартып, қатысушылардың жас санатын 14-18 жас аралығына жеткізуді ұсынды. Себебі, бұл ұлттық құрамалардың резервін жетілдіруге мүмкіндік береді.

Фото: ҚР ҰОК

Жарыс регламентіне байланысты ХОК мен АОК өкілдері өз ұсыныстарын айтып, Орталық Азия елдерінің бастамаларын, оның ішінде, Олимпиадалық ынтымақтастық аясында жүзеге асатын іс-шараларды қолдауға дайын екендерін жеткізді.

Тараптар құрлықтағы аймақ ролін нығайту, сондай-ақ, мемлекеттер арасындағы өзара қарым-қатынасты тұрақты жолға салу қажеттігін талқыға салды. Одан бөлек, алда өтетін Азия Олимпиада кеңесінің Бас Ассамблеясы талқыланып, отырыс барысында өтетін сайлау туралы сөз қозғалды.

Фото: ҚР ҰОК

«Халықаралық Олимпиада комитеті, Азия Олимпиадалық кеңесі мен Орталық Азиядағы әріптестерімізге Олимпиада қарсаңындағы қарбаласқа қарамастан уақыт бөліп, біздің бастамамызды қолдағаны үшін алғыс айтамын. Біздің мақсатымыз айқын – бұл аймақтағы ғана емес, ХОК пен АОК-тегі әріптестерімізбен серіктестікті нығайту. Күшімізді біріктіру арқылы біз атлеттерімізге, ҰОК-терімізге және ғаламдық олимпиадалық қозғалыстың дамуына мүмкіндік жасап, биік белестерді бағындыратынымызға сенемін», - деп атап өтті Геннадий Головкин.

Орталық Азия елдеріндегі ҰОК өкілдері мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп, аймақтың спорттық ықпалын күшейту жолында жұмыс істеуге келісті және алдағы Олимпиада ойындарында бір-біріне сәттілік тіледі.

Келесі жолы Орталық Азиядағы спорттық ұйым басшылары қыркүйектің соңында Қырғызстанда (Ыстықкөл) кездесуді жоспарлап отыр.