Өзбекстан құрамасы Париждегі (Франция) Олимпиада ойындары футбол турнирінің топтық кезеңінің бірінші турында Испания құрамасымен матч өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz.

«Парк де Прeнс» стадионында өткен кездесу 2:1 есебімен Испанияның пайдасына аяқталды. 29-минутта испандық қорғаушы Марк Пубил есеп ашты. Бірінші тайм аяқталар тұста Өзбекстан Олимпиада құрамасының капитаны Эльдор Шомуродов пенальтиден дәл соққымен таразы басын теңестірді.

59-минутта Серхио Гомес пенальтиден өзбек қақпашысы Абдувахид Нематовтан айла асыра алмағанымен, үш минуттан кейін ол өз командасының екінші голын соқты.

Айта кетейік, бұл матч Өзбекстан үшін тарихи болды – бұл елдің футбол командасы Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысып отыр. Испания құрамасы соңғы ойындарда финалда Бразилиядан ұтылып, күміс жүлдегер атанды.