Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев Алматыда тағы бір футбол клубын ашуға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Metaratings.kz мәліметінше, жаңа клуб Almaty United деп аталады және 2025 жылғы маусымда QFL екінші лигасында ойнайды. Клубты ашуға басты себеп Боранбаев басқаратын «Қайрат» футбол клубының академиясынан шыққан футболшыларды ойын тәжірибесімен қамтамасыз ету болып отыр.

Жаңа клуб өз алаңындағы матчтарын «Қайрат» академиясы нысандарының бірінде өткізеді. Ал клубтың бас директоры «Қайраттың» бұрынғы директоры, қазір Player Сareer Management футбол агенттігінің басшысы Баймұханов Марат Бүркітұлы болады.

Еске салайық, Қайрат Боранбаев 2023 жылы сот үкімімен мемлекеттік мүлікті жымқыруға жәрдемдескені үшін мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Алайда 20 қазанда оның жазасы жеңілдетілгені белгілі болды.

Сотта жазаның өтелмеген бөлігі бостандықты шектеуге ауыстырылды деп хабарланды. Ал қарашада Қайрат Боранбаев бостандыққа шықты. Биыл маусымда кәсіпкер Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті болып қайта сайланған болатын.