Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Анна Данилина Будапешт (Мажарстан) WTA 250 турнирінің финалында өнер көрсетті.

Жарыстың 2-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина мен ресейлік Ирина Хромачева соңғы бәсекеде Польша өкілі Катажина Питер — мажарстандық Фанни Столлармен бас жүлдені сарапқа салды.

Бірінші партияда Питер — Столлар 6:3 есебімен басым түссе, екіншісінде қазақстандық-ресейлік жұп қарымта қайырды — 6:3. Супер тай-брейк поляк пен мажар қызының еншісінде кетті — 10:3.

Бір сағат 15 минутқа созылған матчта Данилина — Хромачева 1 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті. Қарсыластары 1 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисші Жібек Құламбаеваның Прага турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.