Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов ұлттық құраманың Ұлттар лигасындағы мақсаты жайында айтты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі «Спорт День за Днем» сайтына сілтеме жасап.

«Біз үшін Ұлттар лигасы — ең алдымен, 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне дайындықтың маңызды кезеңі. Әрине, Ұлттар лигасындағы ең өршіл мақсатымыз – А лигасына шығу. Бірақ В лигасында қалсақ, бұл да жақсы жетістік болады. Қалай болғанда да, қазір команда әлем чемпионатының жолдамасына күресуге дайын болу үшін өтпелі кезеңнен өтуі керек.

Қазақстан бұрын соңды мұндай деңгейде ойнамағанын түсініңіздер. Біріншіден, біз ешқашан нағыз футбол елі болған емеспіз, бұл спорт енді ғана елімізде кең таралып жатыр. Расында, КСРО кезінде бізде «Қайраттан» басқа ештеңе болған жоқ. Екіншіден, біздің ойыншыларды әлемде ешкім танымайды. Әліп, Зайнутдинов, Айымбетов, тағы біразы шетелде ойнайды. Бұл аз. Ал жағдайды өзгерту керек», — деді Барменқұлов.

Айта кетейік, қазір Қазақстан құрамасын 60 жастағы ресейлік Станислав Черчесов жаттықтырады. Ол маусым айында 2+2 жүйесінде келісімшарт жасасқан. Қыркүйекте Қазақстан Ұлттар лигасының В дивизионында ойнайды. Қарсыластары Австрия, Словения және Норвегия болады.