Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Недовесов Бостад (Швеция) ATP 250 турнирінің финалына шыға алмай қалды.

Жарыстың 1-ракеткалары Недовесов пен эквадорлық Гонсало Эскобарды жартылай финалда Мануэль Гинар - Грегуар Жак дуэті тоқтатты.

Франциялық теннисшілер 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Бір сағат 20 минутқа созылған бәсекеде Гинар мен Жак 3 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың екеуін құр жіберген жоқ. Ал, Недовесов пен Гонсало 7 брейк-пойнтты пайдалана алмады.

Бостад додасында жекелей сында әлемнің 27-ракеткасы, нидерландылық Таллон Грикспурды жеңіп, ширек финалға өткен қазақстандық, 23 жастағы Тимофей Скатов бүгін рейтингіде 51-сатыдағы португалиялық Нуну Боржешпен кортқа шығады.