Испания ұлттық құрамасының шабуылшысы әрі капитаныАльваро Мората Италияның "Милан" клубына ауысты. Бұл туралы команданың ресми сайты хабарлады.

31 жастағы шабуылшы миландық командамен төртжылдық келісімшартқа қол қойды. Сондай-ақ тағы бір жылға ұзарту мүмкіндігі де қарастырылған. Жаңа командада ойыншы 7-ші нөмірмен ойнайды. "Миланның" "Атлетико Мадридке" беретін өтемақы құны 13 млн еуроны құрады.

Мансабында "Реал", "Ювентус", "Челси" және "Атлетико" командаларында ойнап, 506 матчқа қатысып, 172 гол соққан. Екі рет Чемпиондар лигасын, УЕФА Суперкубогы, клубтар арасындағы әлем чемпионаты, екі рет Ла лига, екі рет Король кубогы, бір рет Испания Суперкубогын жеңіп алған. Италияда екі рет А Сериясының чемпионы, үш рет Италия кубогын, екі рет Суперкубогын иеленген. Сондай-ақ Англия кубогының да иегері.

Испания құрамасында 80 ойынға қатысып, 36 гол соққан. 2022/23 жылғы Ұлттар лигасында жеңімпаз атанды. Ал жуырда ғана аяқталған Еуропа чемпионатында капитан болып, құрамасымен чемпион болды.