Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында жеңіске жеткен жеңіл атлеттер тұңғыш рет World Athletics тарапынан 50 000$ көлемінде сыйақы алады.

Бұл бастаманы биыл алғаш рет әлемдік жеңіл атлетика ұйымы қолға алып отыр. Аталған ұйымның бастамасымен Олимпиада ойындарында 48 дисциплинаның бірінде жеңіске жеткен әрбір атлет World Athletics тарапынан 50 000$ көлемінде сыйақы алады.

Айта кетейік, Олимпиада ойындарында ең көп жүлде жиынтығы да осы жеңіл атлеттер арасында ойнатылады. Олардың арасында жүлдеге таласатын қазақстандық спортшыларымыз да бар.

Құрамадағы тәжірибиелі спортшылардың қатарында Азия ойындарының жеңімпазы Ольга Сафронова, әлем чемпионатының қола жүлдегері Надежда Дубовицкая, 2022 жылғы әлем чемпионы Нора Джеруто, Азия ойындарының қола жүлдегері Дэйзи Джепкемей бар.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда төртжылдық додаға жолдама жеңіп алған қазақстандық спортшыларымыз соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына спорттың 25 түрінен 92 жолдама жеңіп алды.

Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.