Күрестен Париж Олимпиадасында қазылық ететін қазақстандық төреші Ерік Жұмабеков балуандар секілді, өздері де үнемі формада жүретінін айтты, деп жазады Olympic.kz.

«Олимпиадаға қатысатын балуандар сынды, біз де үнемі бабымызда жүреміз. Дайындаламыз, білгенімізді ой елегінен тағы өткіземіз.Үнемі бабыңда болмасаң, кілемдегі жағдайға ілесе алмай қаласың. Олимпиада қарсаңында тағы бір жарыста төрелік етсем деген ойым орындалмады.

Енді жаттығу кезінде балуандарды күрестіріп, соларға төрелік ету арқылы бәрін қаперде ұстап жүрміз.

Айтпақшы, өткен айда Грекияның Афина қаласында UWW ұйымдастыруымен төрешілер семинары өтті. Сол жерде Парижде жұмыс істейтін елу төреші түгел бас қосты. Бұл семинардың да бізге бергені мол болды.

Бүгінге дейін талай әлемдік күрес жұлдыздарының белдесулерін төрелік еттім. Олардың ішінде Джордан Барроуз, Заурбек Сидаков, Кайл Снайдер, Баджранг, Хасан Яздани, Хамид Сурияндар бар», - дейді төреші.

Айта кетелік, Жұмабеков төрт әлем чемпионаты мен 15-ке жуық Азия біріншілігінде төрелік еткен.