Аргентина мен Колумбия құрамалары арасындағы футболдан Америка кубогының финалдық матчына бірнеше сағат қалғанда Hard Rock стадионының қауіпсіздік есігі арқылы жанкүйерлер ішке бұзып-жарып кірген.

Әлеуметтік желіде жарияланған бейне жазбаларда жанкүйерлердің стадионның кіреберісіндегі қауіпсіздік қоршауларынан полиция қызметкерлеріне бой бермей өтіп жатқанын байқауға болады.

Билеттер тексерілмеді, көпшілік арасында тек бірнеше күзет өкілін мен стадион қызметкерін байқауға болады. Тіпті кейбір жанкүйерлер стадионға кіру үшін қоршаулардың үстінен көтеріліп өтсе, ал басқалары желдеткіш саңылауын бұзып-жарып өткен.

Оңтүстік Флориданың аптап ыстығынан бірнеше адамға медициналық көмек, сондай-ақ су қажет болды. Полицейлер көптеген жанкүйерді қақпадан ары шығарып үлгерсе де, кейбірі стадионға заңсыз кіріп кеткен болатын.