Бүгін Астанада Президент кубогі үшін дәстүрлі халықаралық жарыс басталады. Belline Arena ұлттық теннис орталығында екі апта бойы ATP Challenger Tour және әйелдер арасында ITF World Tennis Tour турнирі өтеді.

ATP Challenger Tour додасының жеребесі тартылып, қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды.

Ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алған Әмір Омарханов негізгі жарыста іріктеу сайысы жеңімпазымен кездеседі. Григорий Ломакин норвегиялық Виктор Дюрасовичтан өтуге тырысады.

Жұптық сында Әмір Омарханов – Ерасыл Ерділдә турнирдің 1-ракеткалары, Израиль өкілі Даниэль Цукерман – аустриялық Нил Оберлайтнермен ойнайды. Григорий Ломакин – өзбекстандық Сергей Фомин тағы бір өзбекстандық Денис Истомин – ресейлік Евгений Карловскиймен, Ислам Орынбасар – Ілияс Маратұлы ресейлік Александр Лобков – қытайлық Арон Вангпен кездеседі.

Іріктеу сайыстарында Қазақстан намысын Ерасыл Ерділдә, Виталий Зацепин, Ислам Орынбасар және Ілияс Маратұлы қорғайды.