Алматыда Қазақстан мен Румыния әйелдер құрамалары арасында 2025 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу матчы аяқталды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Қазақстан әйелдер құрамасы іріктеу матчта Румыниядан 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Матчтағы алғашқы голды 17-минутта Кристина Карп соқты. 40-минутта Флорентина Олар-Спану есепті еселеді. Ал ойындағы соңғы голдың авторы Ольга Иордануши (60-минутта) атанды.

Осы жеңілістен кейін Қазақстан құрамасы бес кездесуден кейін 3 ұпаймен топта соңғы орында қалды.

Естеріңізге сала кетейік, бұл 3 ұпайды қазақстандық спортшылар маусым айында өз алаңында Армения құрамасын 4:1 есебімен жеңген кезде иеленген болатын. Топта бірінші орында 15 ұпаймен Румыния құрамасы тұр.

Мадияр Кембілов шәкірттері 16 шілдеде Болгария құрамасына қарсы сырт алаңда өтетін матчпен Еуроға іріктеуді аяқтайды.

Қазақстан - Румыния - 0:3 (0:2)

Голдар: Карп 17 (0:1), Олар-Спану 40 (0:2), Иордануши 60 (0:3).

12 шілде. Алматы, Орталық стадион.