Франция астанасы Париж қаласында өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтетін арнайы орын белгілі болды.

PARIS2024 Kazakhstan телеграм каналында атап өткендей, Эйфель мұнарасының етегіндегі Трокадерода орналасқан Чемпиондар саябағы Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің жетістіктерін атап өтуге арналған аймақ болмақ. Саябақ әлемнің түкпір-түкпірінен келген спорт жанкүйерлерінің кездесу орнына айналмақ.

«Жазғы ойындар тарихында алғаш рет барлық медаль иегері мыңдаған жанкүйермен кездесуге шақырылады Трокадеро - Париждің қақ ортасында, барлығына қол жетімді керемет жер, Күн сайын Чемпиондар саябағында сол күннің жеңімпаздары құрметке бөленеді. Олар шеруге қатысып, жиналған көпшілікпен бірге ашық аспан астында өздерінің жеңісті сәттерінен жинақталған бейне үзінділерді тамашалайды», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, бағдарламада артистердің қойылымдары мен мәдени іс-шаралар бар. Олар Чемпиондар саябағын тек спорт мерекесінің орнына емес, ойын-сауық үшін толыққанды, әмбебап алаңға айналдырмақ.