Еркін күрестен Париж Олимпиадасына жолдама алған Мейрамбек Қартбай Olympic.kz тілшісіне шағын сұхбат берді.

«Олимпиадаға баруым мүмкін екенін сездім. Өйткені, Ресей құрамасының қатысу-қатыспауы әу бастан белгісіз болды. Сондықтан, жаттығуды бір сәтке де тоқтатқан емеспін. Қазіргі таңда ұлттық құрамамен бірге Дағыстанда дайындалып жатырмын. Жолдама маған бұйырғанын естігенде, әрине, қуандым. Бірақ мен соңғы екі іріктеу турниріне қатысқан командаластарыма да тілеулес болдым.

Кілемде ғана қарсыласпыз. Өмірде бір- бірімізге жанашырмыз. Енді Париж додасы күтіп тұр. Олимпиадада оңай қарсылас жоқ. Бірақ мен бәрімен де күресіп көрдім, бәрінің де ыңғайын білемін. Бар күшімді саламын, қалғанын кілем көрсетеді», - дейді Қартбай .

Айта кетейік, күрестен Ресей құрамасы Париж Олимпиадасына қатыспайтын болған соң, жолдамалар қайта үлестірілді. Нәтижесінде, 57 келідегі бос жолдама Мейрамбек Қартбайға берілді.