Еркін күрестен Қазақстан командасының мүшесі Мейрамбек Қартбай Париж Олимпиадасында бақ сынайды.

Бұл туралы Біріккен күрес әлемінің (UWW) Қазақстан ҰОК-ке жолдаған ресми хатында белгілі болды.

Айта кетейік, күрес түрлерінен Ресей құрамасы Париж Олимпиадасына барудан бас тартты. Ал ресейлік спортшы Заур Угуиев Олимпиада жолдамасын иеленерде біздің Мейрамбек Қартбайдан басым түскен болатын.

Ресей балуандары Олимпиададан бас тартқан соң, жолдамалар қайта үлестірілді. Осылайша, қазақстандық Мейрамбек Қартбай Олимпиада жолдамасына ие болды.

Мейрамбек Қартбай 2023 жылғы әлем чемпионатында бесінші орын алды. Ол жолдама үшін таласта Олимпиада чемпионы Заур Угуиевке жол беріп, қалған іріктеу турниріне қатысқан жоқ.

Осылайша, Парижде өтетін олимпиада ойындарында қазақстандық төрт спортшы өнер көрсетеді: Мейрамбек Қартбай (57 келі), Азамат Дәулетбеков (86 келі), Әлішер Ерғали (97 келі) және Юсуп Батырмырзаев (125 келі).