NBA-да өнер көрсететін «Лос-Анджелес Лейкерс» баскетбол клубы даңқты Джеймс Лебронмен келісімшартты ұзартты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Жаңа контракт қандай талаптар мен шарттардан тұратыны әзірге айтылмады. Дегенмен, жергілікті БАҚ өкілдері келісімшарт мерзімінің екі жылға жоспарланғанын, ал баскетболшының өзі осы уақытта 101,355 млн доллар табыс табатынын мәлімдеп отыр.

Джеймс Леброн – NBA тарихындағы ең үздік сұрмерген және мансабында 40 мың ұпайдан көп жинаған жалғыз баскетболшы. Ал, 2024/2025 жылғы маусым ол үшін NBA-дағы 22-ші және «Лэйкерс» сапындағы жетінші маусым болады. 2003-2010 жылдар аралығында ол «Кливленд Кавалерс» сапында да жеті маусым қатар ойнап, өз мансабындағы ең нәтижелі кезеңді өткізген болатын.

39 жастағы баскетболшы NBA-да 1492 матчқа қатысып, әр ойында орта есеппен 27,1 ұпайдан жинап отырған. Ол төрт дүркін лига MVP-і атанған.

Айта кету керек, биылғы маусымда Леброн «Лэйкерс» сапында өзінің ұлы Бронни Джеймспен бірге ойнайды. Бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде ол баласымен бір команда сапында өнер көрсету – өміріндегі басты армандарының бірі болғанын айтқан еді. Лебронның спорттан кетпей келісімшартын созуына осы фактор әсер еткен болуы мүмкін.