Қазақстанның екінші, әлемнің 35-ракеткасы Юлия Путинцева Уимблдон турнирінің төртінші айналымына өтті.

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, поляк қызы Ига Швентекке тап келді. Осыған дейін Путинцева Швентектен бір сет басым түсіп көрмеген еді.

Бұл жолы бірінші партияда Ига шеберлік танытты – 6:3. Есесіне екіншісінде қазақстандық спортшы күш алып кетті – 6:1. Содан кейін үшінші, шешуші сетте де 4:0 есебімен алға озды. Ақыры үшінші матчболын пайдалана білді – 6:2.

Екі сағатқа созылған тартысты бәсеке барысында Путинцева эйс жасамағанымен, 8 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Швентек 5 эйс, 1 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

Юлия Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 14-ракеткасы, латвиялық Елена Остапенкомен таласады.

Жасөспірімдер арасында Уимблдон жарысын қазақстандық Соня Жиенбаева жеңіспен бастады. Ол ұлыбританиялық Брук Блекті жолдан тайдырды – 6:3, 3:6, 6:3.