"Ақтөбе" футбол клубының және Қазақстан құрамасының ойыншысы Бағдат Қайыров жанкүйерді балағаттап, кейін осы әрекеті үшін кешірім сұрады.

30 маусымда Қазақстан Премьер лигасының 13-туры аясында "Ақтөбе" ұжымы "Тобылға" қарсы ойнап, 3:4 есебімен жеңіліп қалған еді. Матчтан соң "Ақтөбе" ойыншысы Бағдат Қайыров жанкүйерлердің біріне бейәдеп сөздер айтқан. Бұл оқиғаның видеосы желіде тарап кетті. Кейін Қайыров Instagram желісіндегі парақшасында жанкүйерлерден кешірім сұрады.

- Құрметті жанкүйерлер! Ойыннан кейінгі ситуация үшін кешірім сұраймын, қандай жағдай болмасын олай айтқан дұрыс емес, эмоцияға беріліп кеттім. Кейін ол жігітпен кездестім, бір-бірімізден кешірім сұрадық.

Жанкүйерлер әрдайым клуб үшін уайымдайды, сын болса көтере білу керек. Қай ойыншы шықса да командаға көмектескісі келеді, бүгінгі ойын біз үшін сәтсіз болды, - деп жазды футболшы.