Бүгін Лондонда биылғы «Үлкен дулыға» турнирінің үшіншісі – Уимблдон ойындары басталады. Көгал төсенішінде өтетін айтулы додада Қазақстанның басты үміті Елена Рыбакина екендігі даусыз.

2022 жылы финалда тунистік Онс Жаберді 3:6, 6:2, 6:2 есебімен ұтып, қазақстандықтар арасында алғаш рет Уимблдонда топ жарған Е.Рыбакинаға жанкүйерлер биыл да сенім артады. Өткен жылы ширек финалда дәл сол О.Жаберге 7:6 (7:5), 4:6, 1:6 есебімен жол берген қазақстандық теннисші биыл да жеңіске жетуге тырысатыны сөзсіз.

Мамандардың топшылауынша, Рыбакина бастапқы матчында рейтингіде 152-орында тұрған румыниялық Елена-Габриэла Русені екі сетте ұтуы, одан кейін жолыға қалса, германиялық Лаура Зигемунд, канадалық Лейла Фернандестен өтуі мүмкін. Төртінші айналымда көгал төсенішінде жақсы ойнайтын ресейлік Анна Калинская Рыбакинаға тосқауыл қоюы ықтимал.

Допты қатты беретін Еленаға көгал төсеніші қолайлы. Алайда соңғы кездері жарақатына және денсаулығына байланысты бірнеше жарыстан шет қалған Рыбакина жанкүйерлерін әбден алаңдатып қойды. Енді қазақстандық спортшы қалпына толық келе алды ма, оны алдағы ойындар көрсетеді.

Уимблдон фавориттері қатарында әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек, 3-сатыдағы белоруссиялық Арина Соболенколармен бірге Е.Рыбакинаның есімі аталғанымен, бәрін айтулы додадағы жекпе-жектер шешеді. Тіпті ойда-жоқта бұрын артта жүрген теннисшілердің жарқ етіп шыға келуі әбден мүмкін. Бұған мысал ретінде италиялық Ясмине Паолинидің Ролан Гарроста финалға дейін жетуін айтуға болады. Ең бастысы, ойыншы бабында және жарақаттан ада болса, көздеген межеге қол жеткізе алады. Уимблдон қарсаңында чемпиондықтан басты үміткерлердің бірі А.Соболенконың соңғы кезде жарақатына байланысты қиналып жүргенін айтуы да біраз сырды аңғартады.

Қазақстанға қайта оралсақ, осыған дейін спорттық жолында алғаш рет көгал төсенішінде өткен Бирмингем (Ұлыбритания) WTA 250 турнирінде үздік шыққан Юлия Путинцева өткен жылы Уимблдонда алғашқы айналымнан аса алмаған еді. Биыл кезінде дүниежүзілік рейтингіде көш бастаған «Үлкен дулыға» турнирінің үш мәрте чемпионы, германиялық, 36 жастағы Анжелика Керберді жеңсе, өткен жылғы көрсеткішін жақсартады.

Қазақстанның ерлер арасындағы бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Александр Бублик өткен жылы Уимблдонда төртінші айналымға дейін жетіп, онда бес сеттік, аса тартысты матчта ресейлік Андрей Рублевқа жол берді. Биыл біршама табысты өнер көрсетіп, рейтингіде үздік көрсеткішіне (17-орын) қол жеткізген Бубликке өткен жылғы ұпайларын қорғау оңайға түспейді. Алғашқы екі айналымнан сәтті өткен күннің өзінде содан кейін әлемнің 12-ракеткасы, америкалық Томми Полға тап болуы әбден ықтимал. Ал рейтингіде 58-орындағы Александр Шевченко бастапқы кездесуінде-ақ әлемнің 16-ракеткасы, франциялық Уго Умбермен шеберлік таластырады.

Жұптық сында Анна Данилина мен Александр Недовесов өткен жылы Уимблдонда бастапқы айналымда-ақ тоқтаған болатын. Биыл сол көрсеткіштерін жақсарта алса, табыс тауып, рейтингілік ұпай жинауға мүмкіндік берер еді.