ҚФФ баспасөз қызметінің жетекшісі Ермұхамед Мәулен Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері Станислав Черчесовпен болған оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Черчесов баспасөз мәслихатында қазақ тілінде сұрақ қойған блогерге дөрекі жауап берген еді.

«Бұл оқиға әзіл болды. Черчесов қазақ тілін менсінбейді деп айтуға болмайды. Жақында өздеріңіз көргендей, ол қазақ тілін үйренуге кірісті. Астанаға келгенде ол қазақ тілін үйрену оңай болатынын бірден айтты, өйткені ол қазақша айтылған сөздің жартысын түсініп тұрды. Біздің журналистер бір-бірінен бұл ақпаратты алып, «хайп» қуып, осы жағдайды өрбітті. Бұл оқиға Нұрсұлтан Құрман мен Станислав Черчесов арасында болғанымен, баспасөз мәслихатына қатыспаған адамдар да оны әлеуметтік желіде қызу талқылай бастады», – деді Мәулен Meta-ratings.kz сайтына берген сұхбатында.

Еске салайық, Черчесов Қазақстан құрамасының тізгінін бір ай бұрын ұстаған еді. Ол отандасы Магомед Адиевтің орнына келді. Черчесовпен келісімшарт «2+2» жүйесінде жасалды.