Лондонда 2024 жылғы Уимблдон турнирінің жеребесі тартылды. Қазақстандық теннисшілердің алғашқы айналымдағы қарсыластары анықталды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина бірініші айналымда WTA рейтингінде 152-орында тұрған румыниялық Елена Габриэла Руземен кездеседі. Рыбакина 2022 жылы дәл осы Уимблдонда топ жарған болатын.

Ал әлемнің 34-ракеткасы Юлия Путинцева әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, қазір 221-орында тұрған, үш дүркін Үлкен дулыға жеңімпазы германиялық Анжелика Кербермен күш сынасады.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик (23 АТР) – чехиялық Якуб Меньшикпен кім мықтыны анықтайды. Меньшик қазір АТР рейтингінде 85-орында тұр.

Ал Александр Шевченко (АТР-да 58-орын) мықты қарсыласқа тап болды. Ол француз Уго Умбермен (АТР-да 16-орын) кездеседі.

Уимблдон 1-13 шілде аралығында өтеді. Турнирдің жүлдеқоры 21,3 млн долларынан асады.