Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 53-ракеткасы Анна Данилина Бад-Хомбург (Германия) WTA 500 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстандық теннисші қытайлық Сюй Ифаньмен бірге ширек финалда ұлыбританиялық Оливия Николлс – франциялық Диан Парримен сынға түсті.

Қазақстандық-қытайлық жұп бір сағат 41 минутқа созылған тартысты матчта 7:6 (7:4), 7:5 есебімен ұтты. Олар 4 эйс, 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті. Николлс – Парри 5 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.

Анна Данилина – Сюй Ифань финалға шығу үшін тайбэйлік Хао-Чин Чань – ресейлік Вероника Кудерметовамен таласады.

Бүгін қазақстандық теннисшілердің Уимблдон турнирі іріктеу сайыстарының финалындағы кездесулері сәтсіз аяқталды.

Денис Евсеев бельгиялық Зизу Бергске 1:6, 2:6, 2:6 есебімен жол берсе, Тимофей Скатов чилилік Кристиан Гариннен аса алмады – 2:6, 5:7, 3:6. Бейбіт Жұқаев франциялық Кентен Галиге 3:6, 4:6, 4:6 есебімен есе жіберсе, Михаил Кукушкин оның отандасы Юго Гастоннан ұтылды – 2:6, 6:1, 5:7, 1:6.

Әйелдер арасында Зарина Дияс қытайлық Чжосюань Байдан жеңіліп қалды – 2:6, 5:7.