UFC-де жеңіліп көрмеген ирландиялық файтер Иан Гарри жартылай орта салмақтағы чемпион британиялық Леон Эдвардсты кім жеңе алатынын айтты. Бұл туралы MMA Junkie порталына берген сұқбатында айтады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

27 шілдеде Леон Эдвардс Манчестердегі (Ұлыбритания) UFC 304 турнирінде америкалық Белал Мұхаммедке қарсы титулдық жекпе-жек өткізеді.

Иан Гарридің айтуынша, Леон Эдвардс өз титулын сақтап қалады. Осы кездесуден кейін чемпионды тақтан тайдыруға не өзі, не Шавкат Рахмоновтың ғана күші жетеді.

«Леонға қарсы тұру қиын. Ол соңғы екі жылда өзін жан-жақты дамытты. Ол өте талантты. Сол себепті, Леон Эдвардс бұл дивизиондағы барлық адамға қиындық туғызатыны сөзсіз. Леон Эдвардсты жеңу үшін менің деңгейімдегі немесе Шавкаттың деңгейіндегі адам қажет. Бұл спортта біздің жаңа буын екенімізді дәлелдеп, одан осы белдікті тартып алуымыз керек. Менің ойымша, Леон шілде айының соңына дейін чемпион болып қала береді. Осыдан кейін онымен жекпе-жек шығу мүмкіндігі не маған, не Шавкатқа бұйырады», - дейді Иан Гарри.

Иан Гарри (14-0 ММА, 7-0 UFC) келесі қарсыласы Майкл Пейджбен 29 маусымда Лас-Вегастағы T-Mobile аренада өтетін UFC 303 турнирінде кездеседі. Егер бұл кездесуде ол жеңіске жететін болса, онда ол титулдық жекпе-жекке бір табан жақындайтыны сөзсіз. Ал Шавкат Рахмонов ММА-да 18 жекпе-жек өткізіп, барлығын мерзімінен бұрын аяқтаған.