Жеңіл салмақтағы бұрынғы UFC файтері (70 келіге дейін) қазақстандық Дамир Исмағұлов 13 шілдеде Алматыда өтетін Hardcore FC промоутерлік турнирінде өнер көрсетеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Исмағұловтың қарсыласы ресейлік Дмитрий Климов болады, ол өзінің барлық жекпе-жегін Хардкордың демеушілігімен өткізді.

Дамир Исмағұлов 33 жаста. Қазақстандық 2014 жылы аралас стильдегі кәсіпқой файтер ретінде дебют жасап, 2018 жылы желтоқсанда UFC-де алғаш рет өнер көрсетті. Ол әлемдегі ең беделді ұйымда бес рет жеңіске жетіп, екі рет ресейлік Арман Царукян мен америкалық Грант Доусоннан жеңіліп қалған болатын.

Дамир кейінгі жекпе-жегін «Наше дело 82» турнирінде өткізіп, кикбоксинг ережесі бойынша ресейлік Эдуард Вартаняннан ұпай санымен жеңіліп қалды.