Павлодарлық «Ертіс» футбол командасын бұдан былай Николай Гавриш жаттықтырады. Ол бұған дейін Екібастұздағы футбол клубында бапкердің ассистенті қызметін атқарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы «Ертіс» клубының баспасөз қызметі хабарлады.

«Николай Гавриш ресми түрде «Ертістің» бас бапкері болып тағайындалды. Ол – Қарағанды қаласының тумасы. 2024 жылғы маусымды «Екібастұз» футбол командасында бас бапкердің ассистенті болып бастаған», - деп мәлімдеді «Ертіс» клубынан.

Гавриш 2021 жылы литвалық «Жальгирис» командасына бас бапкердің көмекшісі ретінде шақыртылған. Аталған командамен бірге Литва чемпионы атанып, Чемпиондар лигасының іріктеу бәсекелерінде өнер көрсетті. Одан әрі ол команда өз тарихында алғаш рет еурокубоктың топтық кезеңіне жолдама алған болатын. Ал, өткен жылы семейлік «Елімай» командасында бас бапкердің ассистенті болып қызмет атқарды.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Ертіс» футбол командасының бас бапкері Сергей Якушин қызметінен кетті.