«Хан Тәңірі» футбол клубының қорғаушысы Дінмұхаммед Қашкен қазақстандық футболдағы жалақы туралы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Sport Plus Qazaqstan сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Премьер-лигасында ойнайтын футболшылардың жалақысы туралы бұған дейін алып-қашпа әңгіме көп болғанымен, кімнің қанша ақша алатыны әліге дейін нақты емес. Ал, Қашкен айтқан ақпарат көпшіліктің жағасын ұстатты.

«Премьер-лигада жалақы жаман емес. Айына 10, 15, тіпті 20 миллион теңге алатындар бар. Ал жастар 1 миллион теңге алуы мүмкін», - деді Қашкен Айсауле Бақытбек-Қайдароваға берген сұхбатында.

Футболшының өзі алатын жалақысы жақсы өмір сүруге жетпейтінін, сондықтан футболдан тыс кәсіппен де айналысатынын айтты.

«Серіктесіммен бірге Қытайдан Ресейге телефон жеткіземіз. Жеткізушілердің бізге ұсынған бағасы жақсы, сондықтан да табысымыз тәп-тәуір», - деді футболшы.

Ол кәсіп арқылы келетін ақша негізгі табысы екенін де жасырған жоқ.

Былтырғы маусымды Дінмұхаммед Қашкен Қарағандының «Шахтер» клубында ойнап, кейіннен Алматының «Хан Тәңірі» клубына ауысты.